Respublica Киров атындағы зауытта өндіріс мәселелері талқыланды

Автор: Аягөз Құрмаш

Олжас Құспеков Қорғаныс комитетіндегі жұмысына тоқталды

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясының сайлауалды штабы Петропавлдағы С.М. Киров атындағы зауытқа барды.Сексен жылдық тарихы бар кәсіпорын бүгінде цифрлық радиостанциялардан бастап электр көліктеріне арналған қуаттау құрылғыларына дейін түрлі өнім шығарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Біз мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру өкілеттігін Қорғаныс министрлігіне беру туралы түзету енгізуді ұсындық. Мемлекеттік тапсырысты дайын өнімі мен нақты өндірісі бар кәсіпорындар алуы маңызды. Өнім шығармайтын компаниялар мемлекеттік тапсырысқа ие болмауы керек», – деді Олжас Құспеков.

Қазір ведомство жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Онда мемлекеттік тапсырысты бөлуде ең төмен бағаға басымдық беруден бас тартып, компаниялардың рейтингіне негізделген тәсілге көшу ұсынылуда.

Құрылтай депутаттығына кандидат Ерлан Сүлейменов Киров зауытымен байланысты балалық шағындағы естелігін айтып, отандық өндірістің ел экономикасындағы орнын атап өтті.

«Менің алғашқы магнитофоным “Романтик” Киров зауытында шығарылған еді. Respublica – нақты істер партиясы. Оның қатарында кәсіпкерлер көп. Өндіріс бар жерде салық бар, салық бар жерде елдің дамуына мүмкіндік бар», – деді Ерлан Сүлейменов.

Құрылтай депутаттығына кандидат Дәурия Байқонова Respublica партиясының Мәжілістегі фракциясында әйел депутаттардың үлесі 50 пайыз болғанын атап өтті. Сондай-ақ инклюзия мен білім беру саласындағы бірқатар мәселелердің шешімін табуына партия депутаттары үлес қосқанын айтты.

Кездесуде Respublica өкілдері отандық өндірісті қолдау, әділ бәсекелестік орнату және кәсіпкерлерге түсінікті әрі тұрақты жағдай қалыптастыру партияның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.