«Қазақфильм» киностудиясы банкрот болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды

Автор: Алмас Ерсін

Киностудия қалыпты режимде жұмысын жалғастырып, жаңа жобаларды жүзеге асырып жатыр

Фото: kazakhfilm.kz

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын және банкрот болудың алдында тұрмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ киностудия іргелес аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты түсініктеме беріп, жалған ақпарат таратқандарға байланысты құқық қорғау органдары мен сотқа жүгінуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мұндай мәлімдемеге кейінгі күндері әлеуметтік желілерде тараған жарияланымдар себеп болған.

«Қазақфильмнің» хабарлауынша, киностудия жанындағы 5,5 гектар аумақта Қазақстан кинематографиясының тарихы мен көрнекті қайраткерлеріне арналған заманауи саябақ құру жұмыстары басталды. Аумақ баршаға ашық болады. Компания саябақ Алматы тұрғындарының серуендеп, демалатын орнына айналады деп отыр.

Киностудия бұл жердің мемлекет меншігінде екенін және қалалық жер қорына жататынын атап өтті. Мұнда жеке немесе коммерциялық нысандар салу жоспарланбаған. Аумақ тек көпшілікке қолжетімді қалалық кеңістік ретінде пайдаланылмақ.

Сонымен қатар Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» кешенінің республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие екені айтылды. Киностудияның тарихи мұрасы мен өндірістік инфрақұрылымы мемлекет қорғауында.

«Қазақфильм» банкрот болуы мүмкін деген ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарды.

«Киностудияның банкроттығы туралы әңгімелер мен осыған ұқсас басқа да алыпқашпа сөздер шындыққа жанаспайды. «Қазақфильм» АҚ қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Киностудияда кино өндірісі жүріп, жаңа жобалар жүзеге асырылуда», – деп мәлімдеді компания.

«Қазақфильм» жұртшылықты жалған ақпарат таратпауға шақырып, мұндай әрекет үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

БАҚ немесе онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Ал мұндай әрекет қасақана жасалса, Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.

«Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жалған ақпарат таратқан азаматтарға қатысты құқық қорғау органдары мен сотқа жүгінуге мәжбүр болатынын мәлімдейді», – деп ескертті киностудия.

Бұған дейін, 2025 жылдың наурызында «Қазақфильм» жерінің сатылуы мүмкін екені, ірі инвесторлардың келуі және киностудияның Астанаға көшетіні туралы да қауесет тараған. Сол кезде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева барлық жер «Қазақфильмге» тиесілі екенін, сатылмағанын және тек кинематография мүддесіне пайдаланылатынын мәлімдеген.