Қазақстан мен Қытай сарапшылары жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыда интеллектуалды есептеулер, үлкен тілдік модельдер және ЖИ-ді медицина мен ауыл шаруашылығында қолдану мәселелеріне арналған халықаралық симпозиум өтті

Фото: gov.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қытай-Қазақстан интеллектуалды есептеу және жасанды интеллект инновациялары» тақырыбында халықаралық симпозиум ұйымдастырылды. Шараға отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері, IT-мамандар мен халықаралық сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясының (CCF) бірлесуімен өткен жиында жасанды интеллект саласындағы ғылыми әзірлемелер мен практикалық жобалар таныстырылды.

Симпозиумның ашылуында сөз алған ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев жиынның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын елге айналдыру жөніндегі стратегиялық тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызын атап өтті.

«ҚазҰУ мен Қытай компьютер федерациясы арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді. Өткен жылы делегациямыз Харбин қаласындағы Ұлттық компьютер конгресіне қатысса, биыл сәуір айында университет базасында Қытай компьютер федерациясының Алматыдағы өкілдігі ресми түрде ашылды. Бүгінгі симпозиум осы жемісті әріптестіктің заңды жалғасы», – деп атап өтті ректор.

Өз кезегінде CCF төрағасының орынбасары Хай Цзинь екі елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін жоғары бағалап, жасанды интеллект технологияларын дамыту үшін бірлескен зерттеулер жүргізу мен жас ғалымдарды даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

Жиын барысында сарапшылар жасанды интеллект саласындағы соңғы ғылыми әзірлемелер мен практикалық жобаларды таныстырып, олардың экономика мен қоғамның дамуына ықпалын саралады.

Қатысушылар үлкен тілдік модельдерге (LLM), агенттік жүйелерге және жасанды интеллектіні медицина мен ауыл шаруашылығында қолданудың нақты бағыттарына ерекше назар аударды.

Сонымен қатар мамандар екі ел арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Симпозиум жұмысы сарапшылардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел және арнайы секциялық семинарлар форматында жалғасты.