Ұлдана Мырзуанның өлімі: келесі сот отырысы 20 тамызда өтеді

Автор: Аягөз Құрмаш

Сот отырысы 10:00-де өтеді 

Фото: Астана әкімдігі

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысында Әділет Зейнелдің адвокаты Мұрат Мауметов статусты өзгерту жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әділет Зейнелдің адвокаты Мұрат Мауметов сотта жәбірленуші тарап ретінде бас тарту жайлы сұрады. Бұл статусты Ұлдана Мырзуанның анасына ауыстыру жайлы айтты. 

«Әділет Зейнелдің жәбірленуші ретінде қатысуын тоқтату және басқа тұлғаны жәбірленуші деп тану туралы өтініш бергіміз келеді. Ұлдана Мырзуан қайтыс болған кезде Әділет Зейнел оның жұбайы болған. Оның қайтыс болуына байланысты Әділет Зейнел қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Сонымен қатар Әділет Зейнел осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын жәбірленушінің анасы — Омарова жүзеге асыруына қарсылық білдірмейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 71-бабының 11-бөлігіне сәйкес, адамның өліміне әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер бойынша жәбірленушінің құқықтарын оның жақын туыстары, жұбайы немесе зайыбы жүзеге асырады. Егер жәбірленушінің құқықтарын жүзеге асыруға бірнеше адам үміткер болса және қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан оларға материалдық зиян келтірілсе, олардың барлығы жәбірленуші ретінде танылуы мүмкін не олардың өзара келісімі бойынша солардың біреуі жәбірленуші ретінде танылуы мүмкін. Қазіргі уақытта қайтыс болған Ұлдананың анасы  жәбірленуші ретінде танылған және ол - марқұмның жақын туысы. Тараптар арасында қол жеткізілген келісімге байланысты анасы осы іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын жүзеге асырғысы келеді. Жоғарыда айтылғандарды, атап айтқанда, іс бойынша марқұмның басқа да жақын туысы жәбірленуші ретінде танылған анасының бар екенін ескере отырып, соттан Әділет Зейнелдің қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын одан әрі жүзеге асырудан бас тартуын қабылдауды сұраймын», - деді ол. 

Әділет Зейнелдің өзі адвокатымен келісетінін, шешімді сотқа қалдыратынын айтты. Судья бұл өтінішке қатысты шешімді айыптау баяндамасынан кейін жариялайтынын айтты. 

Сот отырысында прокурор Саяжан Серікова сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қандай әрекетіне айып тағылып отырғанын хабарлады. 

Судья Меруерт Абаева сот отырысының жалғасы 20 тамызда өтетінін айтты.