Көкшетауда Respublica партиясы өкілдері агроөнеркәсіп саласының еңбеккерлерімен кездесті

Автор: Аягөз Құрмаш

Отандық өндірушілерге қолдау көрсету қажет

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясының сайлауалды штабы Ақмола облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі — «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС-не барды. Кәсіпорын жылына 4–5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға қауқарлы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков агроөнеркәсіп саласын қолдауға бағытталған нақты бастамаларға тоқталды.

«Менің депутат ретіндегі алғашқы сауалымның бірі 6 пайыздық жеңілдетілген лизингке қатысты болды. Біз осыған қол жеткіздік», — деді ол.

Ол сондай-ақ кәдеге жарату алымына қатысты жұмыс тобына жетекшілік еткенін айтып, отандық өндірушілерді қолдау мәселесінде партия ұстанымының нақты нәтижеге айналғанын атап өтті.

Құрылтай депутаттығына кандидат Әдия Әдімбаева тауарларды цифрландыру және таңбалау мәселесіне тоқталды.

«Цифрлық шешімдер адамдардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, әділ әрі ашық жүйе қалыптастыруға қызмет етуі керек», — деді ол.

Құрылтай депутаттығына кандидат Бекжан Айткулов отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесін көтерді.

«Отандық тауар өндіруші әрдайым басымдықта болуы керек. Қазақстанда шығарылатын техниканың нарықта нақты артықшылыққа ие болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деді Бекжан Айткулов.

«Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорациясы» — 500-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған, әлемдік брендтердің ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын ірі кәсіпорын.