Қалдық, кәріз, өндіріс: «Байтақ» Іле ауданындағы экологиялық түйткілдерді талқылады

Автор: Аягөз Құрмаш

Елдос Айбеков экология ахуалын жан-жақты талқылап, бұқараның базынасын тыңдады

Фото: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі

Құрылтай сайлауына санаулы күндер қалса да, «Байтақ» жасылдар партиясының үгіт-насихат жұмысы бәсеңдеген жоқ. Партия өкілдері мен кандидаттар өңір-өңірді аралап, сайлауалды бағдарламаны халыққа түсіндіруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Партия атынан сайлауға түскен үміткер Елдос Айбеков Алматы облысы Іле ауданына барды. Бұл – аймақтағы ең экологиялық ахуалы өткір өңірдің бірі.

«Елді мекендерден шыққан қалдық түгел осы Іле ауданына келеді. Мұнда кәріздік-тазарту құрылымы орналасқан. Яғни жан-жақтағы нәжістің бәрі осында төгіледі. Сасық иісті айта алмаймын, мұрныңды жарады. Кезінде сібір жарасы табылған жер. Ол аздай бұл жаққа тауық нәжісінен газ шығаратын зауыт салу жоспарланған. Халық бұған үзілді-кесілді қарсы», - дейді кандидат.

Тұрғындармен кездескен Елдос Айбеков экология ахуалын жан-жақты талқылап, бұқараның базынасын тыңдады. Жағдай қиын екенін айтқан жұрт экологияны ту еткен партия халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізсе дейді.

Үгіт-насихат науқаны басталғалы кандидат Алматы облысының тоғыз ауданын аралап шыққан. Бұл шамамен 13 мың шақырым жол. Елдос Айбеков сапар барысында жергілікті жердегі өзекті мәселелерді халықтың өз аузынан естіп, пікір алмасуға мүмкіндік болғанын айтады. Ол мұндай кездесулердің партияның алдағы жұмысын жандандыруға серпін беретініне сенімді.