«Іле-Балқаш» резерватындағы Үміт жолбарысы жабайы табиғатқа қалай бейімделіп жатыр?

Автор: Алмас Ерсін

Мамандар жолбарыстың қозғалысы мен жағдайын тәулік бойы бақылап отыр

Фото: instagram.com/ilebalkhash.kz

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының жабайы табиғатына жіберілген Үміт жолбарысы жаңа ортаға бейімделіп жатыр. Мамандар оның қозғалысын, белсенділігі мен мінез-құлқын тұрақты бақылап, бейімделу барысын бағалауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үміт бірнеше тәсілмен бақыланады. GPS-мониторинг арқылы жолбарыстың жүріп өткен бағыты қашықтан қадағаланып, белсенділігі туралы мәлімет алынады.

Сонымен қатар мамандар далалық мониторинг жүргізеді. Олар жолбарыстың іздері мен табиғатта қалдырған басқа да белгілерін зерттеп, қоршаған ортамен қалай әрекеттесіп жүргенін бақылайды.

Үміттің тіршілігін бақылау үшін фототұзақтар да қолданылады. Арнайы камералар жолбарыстың табиғи ортадағы өмірі мен мінез-құлқы туралы қосымша ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Қазір Үміт тоғайлы аумақтарды, су маңындағы жерлерді және жабайы жануарлардың табиғи мекендерін зерттеп, жаңа аумаққа біртіндеп бейімделіп келеді. Оның қозғалысы, белсенділігі мен мінез-құлқы туралы жиналған деректер мамандарға жолбарыстың өз бетінше тіршілік етуге қаншалықты бейімделгенін бағалауға мүмкіндік береді.

Амур жолбарысының Үміт есімді аналығы 31 шілдеде жыртқышты тарихи мекеніне қайтару және популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында табиғатқа жіберілген. Ол Қазақстан аумағында жолбарыстар жойылып кеткеннен кейін 70 жылдан астам уақыт өткен соң жабайы табиғатқа жіберілген алғашқы жолбарыс болды.

Тамыз айының басында әлеуметтік желілерде «Іле-Балқаш» резерватының жолбарысы делінген сурет тарады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі суретте жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған белгілер бар екенін мәлімдеді.

Резерватқа жіберілген Үмітке спутниктік GPS-қарғыбау тағылған. «Іле-Балқаш» қызметкерлері оның орналасқан жері мен жағдайын тәулік бойы бақылап отыр.