162 млрд доллар және 7 жыл: Тоқаев Қазақстанның инвестициялық картасын қалай өзгертті?

Автор: Azattyq Rýhy

Экономист және сарапшы Айбар Олжаев Ұлттық банк деректеріне сүйене отырып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі кезіндегі инвестиция көлеміне талдау жасады.

Фото: Ақорда/Telegram

Қазақстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі кезінде шамамен 162,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция келген. Бұл туралы экономист және сарапшы Айбар Олжаев өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді. Ол Ұлттық банктің 2026 жылғы 30 маусымда жаңартылған статистикасына сүйене отырып, жеті жылдағы инвестиция динамикасын талдап, мемлекет басшысының шетелдік сапарларын «инвестициялық дипломатияның» маңызды құралы ретінде бағалаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айбар Олжаевтың жазуынша, 2019–2025 жылдары Қазақстанға шетелдік тікелей инвесторлардан 155,8 млрд доллар түскен. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 6,3 млрд доллар тартылған.

Осылайша, сарапшы есептеуінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігіне толық жеті жыл толған кезеңде Қазақстанға келген инвестицияның жалпы көлемі 162,1 млрд долларға жеткен. Орта есеппен жылына шамамен 23 млрд доллар инвестиция тартылған.

Инвестиция көлемі жылдар бойынша қалай өзгерді?

Айбар Олжаев келтірген деректер бойынша:

  • 2019 жыл — 24,4 млрд доллар;

  • 2020 жыл — 17,2 млрд доллар;

  • 2021 жыл — 23,8 млрд доллар;

  • 2022 жыл — 28,2 млрд доллар;

  • 2023 жыл — 23,9 млрд доллар;

  • 2024 жыл — 17,9 млрд доллар;

  • 2025 жыл — 20,5 млрд доллар;

  • 2026 жылдың I тоқсаны — 6,3 млрд доллар.

Ең жоғары көрсеткіш 2022 жылы тіркеліп, инвестиция көлемі 28,2 млрд доллар болған.

Сарапшы бұл нәтижені Мемлекет басшысының шетелдік сапарларымен және шетелдік бизнес өкілдерімен тікелей келіссөздерімен байланыстырады.

Катар инвестициясын 14 есеге арттырды

Олжаевтың пікірінше, Тоқаевтың сапарларынан кейін Қазақстанның бірқатар елдермен инвестициялық байланысы айтарлықтай күшейген.

Мысалы, Катардың Қазақстанға инвестициясы 2023 жылға дейін небәрі 9 млн доллар болса, 2025 жылы 1,26 млрд долларға жеткен. Яғни көрсеткіш шамамен 14 есеге өскен.

Қытайдан келетін инвестиция көлемі де артқан. 2019 жылы бұл көрсеткіш 1,69 млрд доллар болса, 2025 жылы 2,83 млрд доллар болған.

Сарапшы Қазақстанның инвестициялық серіктестерінің қатары Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Сауд Арабиясы, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Қытай сияқты елдермен кеңейгенін атап өтеді.

«Бұл — инвестициялық дипломатияның жемісі»

Айбар Олжаев әлемдік экономика үшін күрделі кезеңдерге қарамастан, Қазақстанға жыл сайын орта есеппен 23 млрд доллар инвестиция тартылғанын ерекше атап өткен.

Оның пікірінше, пандемия, инфляцияның өсуі, капитал нарықтарындағы тұрақсыздық және Ресейге қарсы санкциялар енгізілген кезеңде шетелдік инвестиция үшін мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейген.

Сарапшы осы жағдайда Қазақстанға инвестиция тарту үшін шетелдік компаниялардың басшыларымен тікелей жұмыс жүргізудің маңызы жоғары болғанын жазады.

«Бұл инвестициялық дипломатияның көзбен көріп, қолмен ұстай алатын жемісі», — деп бағалайды Айбар Олжаев.

Ол сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық картасы өзгеріп, дәстүрлі инвесторлармен қатар Корея, Сингапур, Катар сияқты жаңа ойыншылардың пайда болғанын атап өткен.