Ол зардап шеккен азаматтың қасында болуы керегін айтты
Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында өзі мен жұбайы тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат берген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалардың қорытындылары күтілуде. Бақытжан Базарбек тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға беретініне сенім білдірді.
«Қазір мен үшін ең бастысы - зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз», - деді ол.
Мәлімдемеде ол жедел медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, денсаулық сақтау министрлігіне және облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғыс білдірілген.
Базарбек әлеуметтік желілерде түрлі қауесеттердің тарап жатқанын тілге тиек етіп, жұртшылықты асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.
Осыған дейін Жамбыл облыстық полиция департаменті Рысқұлов ауданында орын алған апат фактісін растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Рысқұлов ауданындағы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota маркалы көліктің жүргізушісі Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қақты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шегуші аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды», - делінген ведомствоның ресми ақпаратында.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.