Қайғылы оқиға 2023 жылғы 23 ақпанда болған
Батыс Қазақстан облысындағы төрт адамның өмірін қиған Ми-8 тікұшағының апатынан кейін арада үш жарым жыл өткенде қылмыстық іс сотқа жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық істі Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының №2 соты қарауда. Сот отырыстары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы бойынша өтіп жатыр. Мұнда теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігі қозғалысы мен оны пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабы қарастырылған.
Қайғылы оқиға 2023 жылғы 23 ақпанда болған. «Қазавиақұтқару» тікұшағы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның тапсырысы бойынша мұнай құбырын әуеден тексеру жұмыстарын жүргізген. Бортта экипаждың бес мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның бір өкілі — барлығы алты адам болған. Әуе кемесінің қатты жерге қонуы салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы екі адам түрлі дене жарақатын алған. Қаза тапқандардың барлығы ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» мекемесінің қызметкерлері.
Оқиғадан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің арнайы комиссиясы тексеру жүргізіп, Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен қылмыстық тергеу амалдары аяқталған.