Дүйсенбі күні республиканың басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады
Синоптиктер 2026 жылдың 17 тамызына арналған ауа райының жалпы болжамын жариялады. Дүйсенбі күні республиканың басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Ел аумағында күн күркіреп, жаңбыр жауады. Ал солтүстік және шығыс өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ жаууы ықтимал.
Қазақстанның бірқатар өңірінде жел күшейеді. Күндіз оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл соғуы мүмкін, ал түнде және таңертең батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде тұман күтіледі. Сонымен қатар Алматы және Жетісу облыстарында ауа температурасы +35…+36°С-қа дейін көтерілсе, Маңғыстау облысының оңтүстігінде +38°С-қа дейін аптап ыстық болады.
Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық пен желге байланысты өрт қаупі жоғарылайды. Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарының кей өңірлерінде жоғары өрт қаупі сақталады. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Қостанай, Ақтөбе, Абай, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде төтенше өрт қаупі жарияланды.