Оқушылар қанша сағат ұйықтауы керек: Денсаулық сақтау министрлігі дұрыс күн тәртібін түсіндірді

Автор: Алмас Ерсін

Оқу жылы басталғанға дейін ата-аналарға балаларын біртіндеп қалыпты мектеп режиміне қайтаруға кеңес берілді

Фото: © istockphoto.com

Денсаулық сақтау министрлігі оқу жылы қарсаңында ата-аналарға баланың толыққанды ұйқысының маңызын еске салды. 6-12 жастағы оқушыларға тәулігіне 9-12 сағат, ал жасөспірімдерге 8-10 сағат ұйықтау ұсынылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоға сілтеме жасап.

Оқу жылы басталғанға дейін ата-аналарға балаларын біртіндеп қалыпты мектеп режиміне қайтаруға кеңес беріледі. Бұл әсіресе жазғы демалыстан кейін маңызды. Өйткені демалыс кезінде көптеген бала әдеттегіден кеш ұйықтап, кеш оянады.

Мамандардың ұсынымына сәйкес, ұйқы ұзақтығы баланың жасына байланысты. 6-12 жастағы балалар тәулігіне 9-12 сағат, ал 13-18 жастағы жасөспірімдер 8-10 сағат ұйықтауы керек. Кішкентай балаларға бұдан да көбірек ұйқы қажет: бір жасқа дейін – 12-16 сағат, 1-2 жаста – 11-14 сағат, 3-5 жаста – 10-13 сағат.

«Толыққанды ұйқы ағзаның қалпына келуі үшін қажет және зейінге, есте сақтау қабілетіне, эмоциялық жағдайға, сондай-ақ жаңа ақпаратты қабылдау қабілетіне тікелей әсер етеді», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымында.

Мамандар ұйқының ұзақтығымен қатар, оның тұрақты режимде болғаны да маңызды екенін атап өтті. Баланың күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұрғаны дұрыс. Демалыстан кейін бұрынғы күн тәртібіне күрт емес, біртіндеп оралу ұсынылады.

Бірінші сыныпқа баратын балаларға ерекше көңіл бөлу керек. Жаңа күн тәртібі, ерте тұру, сабақтар және көптеген жаңа әсер баланың бейімделуіне қосымша уақытты қажет етуі мүмкін. Егер бала күндіз демалуды қажет етсе, мамандар екі сағатқа дейін ұйықтауына болатынын айтады.

Күн тәртібін қалпына келтіру үшін ата-аналарға баланың ұйықтайтын уақытын алдын ала біртіндеп ертерекке ауыстыру, кешкі уақытта смартфон, планшет пен компьютер қолдануын шектеу, сондай-ақ ұйқы алдында тыныш жағдай жасау ұсынылады. Серуендеу, жылы душ қабылдау, кітап оқу немесе жай ғана тыныш әңгімелесу баланың босаңсып, ұйқыға дайындалуына көмектеседі.

Сонымен қатар демалатын бөлмені де дайындаған жөн: бөлмені үнемі желдетіп, қолайлы температураны сақтап, жайлы ұйықтайтын орын дайындау қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі қосымша сабақтар, үй тапсырмалары мен ойын-сауық баланың түнгі ұйқысын үнемі қысқартпауы керектігін атап өтті. Ұйқының жеткіліксіз болуы оқу күні ішінде баланың зейініне, назар аударуына және жұмыс қабілетіне кері әсер етуі мүмкін.

Мамандар сабақ басталғанға дейін мектеп режимін қалпына келтіруге кеңес береді. Осылайша ерте тұру мен уақытында ұйықтау бала үшін біртіндеп қалыпты әдетке айналады.