Заңнамаға өзгерістер енгізлуі мүмкін
Армения ішкі істер министрінің орынбасары Армен Казарян елдегі этникалық армяндар үшін азаматтық алу процесі тым жеңілдетілгенін және оны қайта қарау керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр орынбасары 2025 жылы 32 мыңнан астам армянның азаматтық алғанын, бұл бұрын-соңды болмаған тарихи рекорд екенін атап өтті. Оның пікірінше, азаматтық алғандардың басым бөлігі Ресей Федерациясының азаматтары. Ал бұл шешімнің қабылдануына Украинадағы қақтығыс пен Ресей азаматтарының өзге елдерге кіруіндегі қиындықтар себеп болған.
Осы тұрғыда ол азаматтық алу жай ғана транзакция емес, өзіндік құндылыққа ие болуы тиіс екенін жеткізді.
«Этникалық армяндардың еліміздің төлқұжатын алуы үшін ешқандай талаптар қойылмаған. Бұл үлкен мәселе және оны нақты түрде шешу қажет», - деді Казарян тиісті заңнамалық өзгерістердің болуы мүмкін екенін жоққа шығармай.
Казарян шетелдіктердің азаматтық алуы үшін елде 3 жыл тұру, мемлекеттік тіл мен заңдарды білуге арналған тесттен өту сияқты натурализация процесінен өтуі тиіс екенін еске салды. Алайда отандастары бұл процедурадан жеңілдетілген түрде өтеді және іс жүзінде оларға ешқандай талап қойылмайды.
Сонымен қатар, шенеунік адамның Армения азаматтығынан бас тартып, 15 минуттан кейін оны қайта алуға өтініш бере алатын жағдайларды да тілге тиек етті. Оның сенімінше, бұл мүлдем дұрыс емес.
Шенеунік сондай-ақ азаматтықтан бас тарту туралы 914 адамның өтініш жазғанын жеткізді (өткен жылдары бұл көрсеткіш 2 мыңға жуық болатын). Биыл 2 495 адамның азаматтығы тоқтатылған, ал өткен жылы бұл сан 2 100-ді құраған еді.