Халыққа жылу беріп жүрген жұмысшылардың өзіне де қамқорлық қажет – ЖСДП

Автор: Асқарова Қарлығаш

Қарабалықта жылу мекемесінің жұмысшылары өз мәселелерін айтты

Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Қостанай облыстық ЖСДП филиалы Қарабалық ауданындағы «Жылу» коммуналдық кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті. Кездесуде еңбек ұжымы өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Партия өкілдері әлеуметтік және еңбек саласына қатысты ұстанымдарын таныстырып, жұмысшылардың сұрақтарына жауап берді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында Қостанай облыстық ЖСДП филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Дамир Жақанов та сөз сөйледі. Ол жылу мекемесі қызметкерлерінің еңбегі қыс мезгілінде елді мекеннің қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуде маңызды екенін атап өтті.

«Қыстың қақаған аязында халықтың үйіне жылу жетуі үшін сіздер күн сайын жауапкершілікпен еңбек етесіздер. Бірақ халыққа жылу беріп жүрген жұмысшылардың өзіне де қамқорлық қажет. Жұмысшының еңбегі лайықты бағаланып, жалақысы жеткілікті, еңбек жағдайы қауіпсіз болуы тиіс», – деді Дамир Жақанов.

Оның айтуынша, әлеуметтік саясатта еңбек адамын қолдау мен оның құқықтарын қорғау мәселесіне де көңіл бөлінуі керек. Кездесу соңында тараптар еңбек жағдайы, әлеуметтік қолдау және ауданның дамуына қатысты мәселелер жөнінде пікір алмасты.