Павлодар тұрғыны тосап қайнатамын деп үйін өртеп ала жаздады

Автор: Асыл Арман

Осыған ұқсас жағдай Ақсу қаласында да болды

Фото: Павлодар облысы ТЖД

Павлодар облысының тұрғындары тосап қайнатамын деп үйлерін өртеп ала жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ТЖД мәліметінше, Ақсу қаласында сағат 19:51-де Қамзин көшесіндегі көпқабатты үйден түтін шыққаны туралы хабарлама түскен. Тексеру барысында төртінші қабаттағы пәтерде әйел адамның жұмысқа кетер алдында электр плитасын өшірмегені анықталды. Плитада кастрөлде тосап қайнап тұрған.

Осыған ұқсас жағдай Павлодар қаласында да болды. Көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде әйел адам плитада тосап қайнатып, оны қараусыз қалдырып, өзі залға кеткен. Соның салдарынан пәтерді түтін басқан.

«Екі жағдайда да өрттің үлкен зардаптарға әкелуіне жол берілген жоқ. Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді. Тамақ пісіріп жатқанда пешті қараусыз қалдырмаңыз. Үйден шығар алдында плита мен барлық электр құрылғыларының өшірілгенін тексеріңіз. Үйдегі қарапайым шаруалар үлкен қайғыға айналмасын!» – деп жазды облыстық ТЖД.