«Мені қорлады»: Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға тіл тигізген емші қомақты айыппұл арқалады

Автор: Аягөз Құрмаш

Сот он кінәлі деп таныды

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша қаралды. Құқық бұзушы айыпты деп танылып, оған 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған аудараралық сотында қаралды.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Ұлан Есжановтың айтуынша, биыл 15 мамырда E-otinish порталы арқылы Баян Алагөзова мен Динара Сәтжаннан Бағдагүл Лепесоваға қатысты арыз түскен.

Бір күннен кейін олардың қорғаушылары инспекторға бейнежазбаны ұсынған. Ал Бағдагүл Лепесованың өзі бұл уақытта Астана қаласында болған, 25 мамырда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды.

«Қазақпарат» хабарлағандай, кейін іс материалдары (бейнематериалдар) сот сараптамасына жіберілді. Сараптама нәтижесі бойынша жала жабу фактісі расталды. Іс сотқа 20 шілдеде жолданды.

Сот отырысында құқық бұзушы Бағдагүл Лепесова өзіне тағылған айыппен келіспей, мұндай видеоны өз парақшасына орналастырмағанын мәлімдеді.

«Менің өз әлемім бар. Бұл адамның әлемін мен түсінбеймін. Маған тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамаймын. Видео менің парақшамда бар ма? Жоқ. Егер менде парақша болмаса, бұл адамдарға қалай жауап беремін? Ондағы дүние менікі емес. Мен басқа біреу үшін жауап бере алмаймын», - деді Бағдагүл Лепесова.

Оның қорғаушысы да сотта бейнежазбалардың монтаждалған немесе жасанды интеллект арқылы жасалған болуы мүмкін екені туралы негізді дәлелдер келтірілгенін айтты. Сонымен қатар, ол сараптама қорытындысын заңсыз деп тануды және видеоны жариялаған екі аккаунт иесін тауып, сотта жауап алуды өтінді.

Арызданушы Баян Алагөзова сотқа онлайн режимде қатысты. Ол бұл видео өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргенін, кешірмейтінін және медиативтік келісімге бармайтынын мәлімдеді.

«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Қазақстан азаматының ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға және таптауға болмайды. Мені қорлады, төмендетті. Мен мұның бәрін тыңдауға лайық емеспін. Мен мұны барлық порталдан көрдім. Осыған байланысты тіпті TikTok-тағы аккаунтымды өшіріп тастадым. Жеке тұлға ретінде, адам ретінде бұл сенің еңсеңді түсіреді. Мені есірткіге тәуелді, мемлекеттен ақша алады, жігіттерді жалдап, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсайды деп айтты. Мені қатты қорлап, маған жала жапты. Мен әділ шешім шығарып, Лепесованы жазалауды сұраймын. Кез келген сараптама, тіпті қарапайым адам да мұның жасанды интеллект еместігін дәлелдейді. Маған оның кешірімі керек емес, мен кешірмеймін. Медиативтік келісімге де бармаймын. Мұның бәріне сабақ болғанын қалаймын. Қазір интернетте адамдарды қорлап, төмендетеді. Ал біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Осы сот және басқалар арқылы әлеуметтік желілерде ешкімге ешкімді қорлауға рұқсат берілмейтінін көруі керек», - деді ол.

Сот қаулысымен Бағдагүл Лепесова кінәлі деп танылды.

«Бағдагүл Лепесова Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 58-бабына сәйкес 1 557 000 теңге көлемінде түпкілікті әкімшілік айыппұл салынсын. Айыппұл 30 тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс», - деді судья Анар Айтжанова.

Айта кету керек, Бағдагүл Лепесоваға қатысты қылмыстық іс де тіркелген. Іс Астанада Қылмыстық кодекстің «Қорлау» бабы бойынша қаралып жатыр.