Қонаев қаласында Құрылтай депутаттығына кандидаттар өңір жұртшылығымен жүздесті
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматы облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірде жұмыс орындарын көбейту, Қонаевты дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және бизнеске түсінікті салық ережелерін қалыптастыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның ресми сайтына сілтеме жасап.
Қонаев қаласында Құрылтай депутаттығына кандидаттар өңір жұртшылығымен жүздесті. Жиында адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде маңызды жұмыс, жолдар мен инженерлік желілер, облыс орталығын дамыту, бизнеске жасалған жағдай және балалардың қауіпсіздігі мәселелері сөз болды.
Кездесуге белгілі қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Асылы Осман қатысты. Бүгін – қоғам қайраткерінің 85 жасқа толған мерейтойы. Партия төрағасы Айбек Дәдебай оны мерейтойымен құттықтап, елдің қоғамдық өміріне және қазақ тілін дамытуға қосқан мол үлесін атап өтті.
Айбек Дәдебай Алматы облысының дамуы Мемлекет басшысының назарында екенін айтты. Негізгі бағыттар – Қонаев пен Алатауды дамыту, инвестиция тарту, өндірісті, туризм мен инфрақұрылымды кеңейту.
«Мемлекет басшымыз еліміздің жалпы ішкі өнімін екі есеге арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Қазір мемлекет осы бағытта өзінің жұмысын белсенді жүргізіп келеді. Мемлекет басшымыз елге көптеген инвестиция алып келу үшін шетелдік сапарларында да белсенді жұмыс істеп жүр. Оны бәріңіз көріп жүрсіздер. Елімізге келіп жатқан сапалы инвесторлар, әлемдік алпауыт компаниялар біздің инвестициялық климаттың жақсы екенін мойындайды. Алатау қаласының құрылуын да соған арнайы ерекше жағдай туғызудың бір дәлелі деп түсінеміз. Бұл тек осы өңірді емес, бүкіл елімізді де алға жылжытады деген үлкен сенім бар. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы бұл жұмысты жалғастырады. Біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – өңірлер мен ауылдық аумақтарды дамыту», - деді Айбек Дәдебай.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындарын қолдау тетіктерінің бірі – өз ісін ашқысы немесе кәсібін дамытқысы келетіндерге жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие. Мемлекет басшысының қолдауымен осы мақсатқа 1 триллион теңге қарастырылған, оның 100 миллиард теңгесі биыл бөлінеді.
Алматы облысы үшін ең өзекті мәселелердің бірі – жұмыспен қамту. «Әділет» бұл жағдайды тікелей өңірлерде жұмыс орындарын құру арқылы өзгертуді ұсынады. Кандидат Рауан Кенжеханұлының айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасы 2031 жылға дейін кемінде бір миллион сапалы жұмыс орнын құруды көздейді. Ал партия бұған өңірлік экономиканың өңдеу өнеркәсібі, логистика, туризм және басқа да салаларын дамыту арқылы қол жеткізуге болады деп есептейді.
Кәсіпкерлерді салық мәселесі алаңдатты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Қырғызалықызы салық заңнамасындағы өзгерістер және олардың бизнес жұмысына әсері туралы мәселе көтерді. Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров партияның міндеті салық жүктемесін арттыру емес, жүйені барынша қарапайым, ашық әрі түсінікті ету екенін айтты. Оның сөзінше, кәсіпкер өз жұмысын бірнеше жылға алдын ала жоспарлай алуы керек, ал әкімшілік рәсімдер бизнестің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс.
Балалардың қауіпсіздігі мәселесін өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова көтерді. Ол өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды қолдау туралы сұрады. Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлзира Атабаева бала құқықтарын қорғау «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ұсыныстар қатарында қауіпсіз әрі инклюзивті ортаны дамыту, сондай-ақ балалар үшін білім беру, медициналық және әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыру бар.
Кездесуге қатысушылар Алматы облысында әлеуметтік нысандар салу мәселесін де талқылады. Айбек Дәдебайдың айтуынша, биыл 35 жоба мемлекеттік сараптамадан өткен, тағы 63 жоба қаралып жатыр.
«Бұрын өңірлердің дамуы әкімнің белсенділігіне немесе аймақтың орналасқан жеріне байланысты болатын. Енді мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат халық саны мен нақты қажеттілікке байланысты бөлінуі керек. Сол үшін өңірлік даму стандарттарын енгіземіз. Мысалы, әрбір 150 мың тұрғынға арналған бір медициналық орталық, мектеп, спорт нысаны мен инфрақұрылым болуы керек деген сияқты мәселелер осы стандартталған жүйеге келеді. Мұндай тәсіл адамның қай жерде тұратынына қарамастан, инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді», - деді Айбек Дәдебай.
Сөз соңында партия төрағасы өңір тұрғындары өз сұрақтары мен ұсыныстарын арнайы «Әділет» QR-коды арқылы жолдай алатынын еске салды.
Республикалық сайлауалды штаб Алматы облысындағы жұмысын жалғастырады. Кандидаттар өңір жастары, креативті индустрия өкілдері және еңбек ұжымдарымен кездеседі.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy