Күдіктіні анықтау үшін қажетті шаралардың бәрі қабылданады
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың дербес деректерінің сатылымға шығарылғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан азаматтарының дербес деректері сатылымға шығарылды деген ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызғаны байқалады. Ішкі істер министрлігі аталған ақпаратты тексерді. Бүгінгі таңда eGov порталына заңсыз кіру немесе қол жеткізу фактілері тіркелген жоқ.
«Мұндай хабарландырудың жариялану фактісі назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта хабарландыруды орналастырған тұлғаны, ұсынылып отырған деректердің қайдан алынғанын, сондай-ақ оларды заңсыз алуға және таратуға қатысы бар барлық адамды анықтау бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр. Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты конституциялық кепілдікті іске асыруға барынша жауапкершілікпен қарайды. Конституцияның 21-бабында дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын мұндай әрекеттерден қорғау тікелей көзделген», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, күдіктіні анықтау үшін қажетті шаралардың бәрі қабылданады. Ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бұл жұмыс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.