ЖСДП өкілі Оралда ерекше балалары бар ата-аналардың мәселелерін тыңдады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Кездесуде балаларды психиатриялық диспансерде ұзақ уақыт жатқызып, диагнозын растау мәселесі де көтерілді

Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ЖСДП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова Оралда ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде ата-аналар медициналық көмек пен оңалту қызметтерінің қолжетімділігі, мүгедектік рәсімдеу, қажетті ем-дом және күтім құралдарымен қамтамасыз ету, инклюзивті орта қалыптастыру мәселелерін көтерді. Жиынға аутизм спектрінің бұзылысы және балалардың церебралды сал ауруы  бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қатысты.

Ата-аналардың айтуынша, балаларға қажетті медициналық және коррекциялық көмекті алу кезінде ұзақ кезек, мамандардың жетіспеуі және кейбір медициналық рәсімдердің күрделілігі қиындық туғызады. Кездесуде балаларды психиатриялық диспансерде ұзақ уақыт жатқызып, диагнозын растау мәселесі де көтерілді. Ата-аналардың бірі мұндай талап балалар үшін психологиялық тұрғыдан ауыр екенін айтып, қажетті тексерулерді күндізгі стационар жағдайында өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар ата-аналарға қоғамдық көлікте балаларымен жүру, емханаға бару және кезекте күту кезінде кездесетін қиындықтар сөз болды.

«Ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыға медициналық және әлеуметтік көмек уақытылы әрі қолжетімді болуы керек. Ата-аналардың бүгін айтқан мәселелерін жүйелеп, олардың шешімін қарастыру маңызды», – деді Анаргүл Әбенова.

Кездесу барысында балаларға арналған кешенді оңалту орталығын құру туралы ұсыныс та айтылды. Мұнда медициналық оңалту, массаж, психолог және коррекциялық мамандардың көмегі, бассейн сияқты қызметтерді бір жерде ұсыну көзделеді. Ұсыныс бойынша, орталықтың қызметі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін тегін, ал басқа отбасылар үшін қолжетімді болуы мүмкін.

Жиын қорытындысында ата-аналар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды жүйелеп, оларды әрі қарай қарау жоспарланған.