ЖСДП Семей тұрғындары көтерген мәселелерді интерактивті картаға жинақтады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Партия сөзінше, бұл әр мәселені жүйелеп, оны шешуге жауапты мекемелермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді

Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының  Абай облысындағы филиалы Семей тұрғындарымен кездесіп, қаладағы бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелерді жинақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында тұрғындар Қазкрай және Энергетик шағын аудандарында, сондай-ақ Құнанбай көшесі, 42-үй маңында балалар ойын және футбол алаңдары, аула жарығы, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен автотұрақтардың қажеттігін айтты. 72-орамдағы Қабанбай батыр мен Елемесов көшелерінің қиылысында жауын-шашыннан кейін су жиналып қалатыны сөз болды. Ал Зағиптар қоғамы ауданындағы Қаржаубайұлы көшесі, 259А мекенжайында жедел жәрдем ауруханасының құрылысына байланысты су ағымы өзгеріп, тұрғын үйлерді су басу қаупі туындаған.

Сонымен қатар Шығыс кенті мен РСУ-1 ауданындағы жылу және көше жарығы мәселелері көтерілді. Оң жақ Шығыс кентінің тұрғындары заңсыз қоқыс орындары мен қоғамдық көліктің тұрақсыз қатынауына шағымданды. РСУ-1 ауданында медициналық нысанның қажеттігі айтылды. Туристік көшесі, 74-үй маңындағы жер телімінің пайдаланылуына қатысты мәселе де назарға алынды.

«Тұрғындар көтерген мәселелерді бір жерге жинап, олардың нақты орналасқан жері мен сипатын көрсету маңызды. Бұл әр мәселені жүйелеп, оны шешуге жауапты мекемелермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Рүстем Сарманов.

ЖСДП өкілдерінің мәліметінше, кездесуде айтылған ұсыныстар интерактивті картаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын сауалдарды дайындау кезінде ескерілмек.