Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантаттау саны артты
Қазақстанда қазіргі уақытта ағза трансплантаттауын 4 739 адам, оның ішінде 125 бала күтіп отыр. Сонымен қатар елімізде трансплантаттау саны артып, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесі дамып келеді. Күту парағындағы пациенттердің басым бөлігіне бүйрек трансплантаттау қажет – 4 208 адам. Бауыр трансплантаттауын – 293, жүрек трансплантаттауын – 208, өкпе трансплантаттауын 30 пациент күтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантаттау саны артты. 2023 жылы 236 операция жасалса, 2024 жылы – 260, 2025 жылы – 310 операция жүргізілді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 150 трансплантаттау жасалды, оның 30-ы қайтыс болған донорлардан алынған ағзалар арқылы орындалды.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту бағытында да оң динамика байқалады. 2023 жылы 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы – 86, ал 2025 жылы олардың саны 186-ға жетті. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 108 әлеуетті донор анықталды.
Сегіз жағдайда мультиағзалық алу жүргізілді, яғни бір донордың ағзалары бірнеше пациентке көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте әлеуетті донор – ағзалары автоматты түрде алынатын адам емес. Әңгіме дәрігерлер консилиумы белгіленген тәртіппен ми өлімін анықтаған және донорлыққа қойылатын медициналық өлшемшарттарға сәйкес келетін пациент туралы болып отыр.
Осыдан кейін адамның көзі тірісіндегі ерік білдіруі тексеріліп, заңнамада көзделген барлық рәсім жүргізіледі.
Бүгінде Қазақстан азаматтары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз шешімін алдын ала eGov арқылы тіркей алады. Қазіргі таңда мұндай таңдауды 172 283 адам жасады. Оның ішінде 16 109 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімін білдірсе, 156 174 адам бас тартқан.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы шешім – адамның жеке әрі ерікті таңдауы. Денсаулық сақтау жүйесінің міндеті – азаматқа дұрыс шешім қабылдауы үшін шынайы әрі түсінікті ақпарат ұсыну.