Ақтоты Райымқұлова: Жақсылық Үшкемпіров - халықтың қошеметіне бөленген білекті де жүректі балуан

Автор: Azattyq Rýhy

Министр балуанның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты

Фото: ашық дереккөзден

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жақсылық Үшкемпіровтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан даңқты балуан, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Мəскеу Олимпиадасының чемпионы, Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, Әлем чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Жақсылық Үшкемпіров саналы ғұмырында мағыналы тірлік кешкен, бозкілкем төріндегі шеберлігімен халықтың қошеметіне бөленген білекті де жүректі балуан, болмысы бөлек азамат еді. Жақсылық ағамыз сонау Мəскеуде өткен олимпия ойындарында қарсылас шыдатпай, қазақ күрес мектебінің мерейін асырғаны əлі ел есінде. Қазақ спортының қара нары ұзақ жыл бапкерлік жолында көптеген шəкірт тəрбиелеп, күрес спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты», - деп жазды министр.

Ол өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі мен ерен еңбегі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталатынын айтты.

«Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын. Ұрпағымен мың жасасын», - деді Ақтоты Райымқұлова.