Балқаш көліне көлігімен кіріп кеткен ер адам 5 күн уақытын қамауда өткізетін болды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Полиция Балқаш көлінің жағалауында ұсақ бұзақылық фактісінің жолын кесті

Фото: Видеодан скрин

Балқаш көліне көлігімен кіріп кеткен ер адам алдағы 5 күн уақытын қамауда өткізетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Threads әлеуметтік желісіндегі жарияланымға сәйкес Жамбыл ауданы, Үлкен ауылының маңындағы Балқаш көлінің жағалауына автокөлікпен кірген дерек бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізді.

Тексеру барысында Алматы қаласының тұрғыны, 32 жастағы Арыстанбек Әбу жағалауға көлікпен кіріп, сол уақытта азаматтар, оның ішінде балалар демалып, шомылып жатқан аумақта болғаны анықталды.

«Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде құқық бұзушы анықталып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен Арыстанбек Әбу 5 тәулікке қамаққа алынды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және көпшілік демалатын орындарда белгіленген тәртіп талаптарын қатаң ұстануға шақырады», – делінген ПД хабарламасында.