Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады
Қазақстанда алдағы жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтіліп отыр. Бүгінде болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектептерге қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қабылданған балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданды.
«Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізілуде. Өтініштер 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады. Өтініштердің 84%-ға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады», – делінген министрлік хабарламасында.
Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында – 50 мыңнан астам, Алматы облысында – 35 мыңнан астам, Астанада – 33 мың, Алматыда – 31 мыңнан астам және Шымкентте 29 мыңнан астам болады деп күтіліп отыр. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты.