Алматыда «жол бермеді» деп жүргізушіні ұрып, талдырып кеткен ер адам қамауға алынды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Полиция жолдағы кез келген жанжалды жағдайлар тек заң аясында шешілуі тиіс екенін еске салады

Фото: Видеодан скрин

Алматыда «жол бермеді» деп жүргізушіні ұрып, талдырып кеткен ер адамды полицейлер қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері Алматы қаласында жүргізушілер арасында болған жол жанжалы түсірілген бейнежазбаны анықтады.

Жарияланған бейнекадрларда жанжалға қатысушылардың бірі екінші жүргізушіге күш қолданғаны көрінеді.

«Аталған факт бойынша полиция тарапынан дереу сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген хабарламада.

Полиция жолдағы кез келген жанжалды жағдайлар тек заң аясында шешілуі тиіс екенін еске салады. Жол қозғалысына қатысушыларға күш қолдану заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.