«Әділет» партиясы Қазақстанның төрт өңірінде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Сайлауалды науқан аясында партия өкілдері халықпен қарыз жүктемесі, ауылдарды дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, бизнесті қолдау және өндіріс мәселелерін талқылады

Фото: партияның баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан, Ұлытау, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында «Әділет» партиясының сайлауалды жұмыстары жалғасуда. Партия өкілдері ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен, медицина қызметкерлерімен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды және азаматтардың ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

БҚО: несие, банкроттық және ауыл мектептерінің мәселесі талқыланды

Батыс Қазақстан облысында «Әділет» партиясының «Мобильді керуені» Теректі және Бөрлі аудандарына барды. Теректі ауданындағы кездесу аудандық Мәдениет үйінде өтіп, оған 250-ге жуық адам қатысты. Кездесуге партияның Саяси кеңесінің мүшесі Алима Дүйсмағамбетова, Құрылтай депутаттығына кандидат Тұрарбек Тлемисов, «Ауыл аманаты» жобасының спикері Алмагүл Исмагулова және «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірлік үйлестірушісі Анархан Құттығалиева қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және кредиттік берешекті реттеу тетіктері болды. Тұрғындарға соттан тыс банкроттық рәсімі, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, кредиттік тарихты жақсарту, борыш жүктемесін азайту және онлайн кредит рәсімдеудің алдын алу жолдары түсіндірілді.

«Ең алдымен тұрғындарды несиелер бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен өтеудің қысқа мерзімдері алаңдатады. Кейбір азаматтардың несие бойынша ай сайынғы төлемдері табыстарымен салыстырғанда тым жоғары. Сондықтан мұндай жағдайда өз қаржылық мүмкіндіктеріңізді объективті бағалап, берешекті реттеудің заңнамада көзделген тетіктерін білу маңызды», — деді Анархан Райымқызы.

Сондай-ақ кездесуге қатысушылар «Ауыл аманаты» бағдарламасын талқылады. Жоба спикері Алмагүл Исмагулова жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алу шарттарын, құжаттарды рәсімдеу тәртібін және қаржыландыру бағыттарын түсіндірді.

Тұрғындар несие алу кезінде кепіл мүлкінің жеткіліксіздігі, кепілге қойылатын талаптарды жеңілдету мүмкіндігі, бизнес-жоспар әзірлеуге тегін көмек көрсету, өндірілген өнімді жергілікті мектептер мен әлеуметтік нысандарға өткізу, сондай-ақ уақытша қиындықтарға тап болған кәсіпкерлерді қолдау мәселелерін көтерді.

Кездесу барысында барлығы сегіз сұрақ қойылды. Жиын аяқталғаннан кейін тағы 14 азамат спикерлерге жеке жүгініп, кеңес алды.

«Бүгінде тұрғындардан шынымен де өзекті әрі конструктивті ұсыныстар түсіп жатыр. Олардың барлығы қарауға алынады. Ал сайлау аяқталғаннан кейін жинақталған ұсыныстар Құрылтай депутаттары арқылы тиісті министрліктерге жолданады», — деді спикерлер.

Ақсай қаласында «Мобильді керуен» өкілдері жергілікті тұрғындармен де кездесті. Ақшатау ауылының тұрғыны үш жылдан бері банктегі несиесін өтей алмай жүргенін айтты. Оның сөзінше, атына тіркелген, қазіргі уақытта қираған үй мүлік ретінде есепте тұруын жалғастырып, банкроттық рәсімінен өтуіне кедергі келтіріп отыр.

«Қарызсыз қоғам» жобасының менторы азаматшаның жағдайы заңгерлік сүйемелдеуге алынатынын хабарлады. Мамандар қолданыстағы заңнама аясында сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігін қарастырып, оңтайлы шешім табуға қажетті көмек көрсетеді.

Ақсай тұрғыны Аманжол Мамешов және басқа да азаматтар жұмыс пен табыстың болмауына байланысты банк шоттарының бұғатталуына қатысты мәселелерін жеткізді. Сарапшылар 12 айдан астам уақыт бойы берешек бойынша төлем жасамаған және тұрақты табысы жоқ азаматтарға заңнамада қарастырылған тетіктерді түсіндірді.

Сонымен қатар тұрғындар оқушылар санының азаюына байланысты ауыл мектептерінің жабылуына жол бермеу, денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысына қатысты мәселелерді көтерді.

«Бүгінде адамдардың өзіне тікелей барып, мәселелерін тыңдау және әр адамға өзін толғандырған өзекті мәселелерін ашық айтуға мүмкіндік беру аса маңызды. Біздің басты мақсатымыз — бірде-бір өтінішті назардан тыс қалдырмау және «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында азаматтарға құқықтық әрі консультациялық қолдау көрсету. 23 тамыздан кейін де біздің заңгерлер азаматтардың сот арқылы банкроттық рәсіміне, банк шоттарын бұғаттан шығаруға және талап арыздарды дайындауға қатысты өтініштерін сүйемелдеуді жалғастырады. Ауылдың болашағы мен дамуы мектептерді сақтаумен тікелей байланысты. Сондықтан елді мекендердегі инфрақұрылымды дамытуға және жас мамандардың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасауға басымдық беру қажет. Бұл — біздің сайлауалды бағдарламамыздың маңызды бағыттарының бірі», — деді спикерлер.

Жұмыс сапары барысында «Мобильді керуен» шамамен 800 шақырым жол жүріп, 1000-нан астам тұрғынды қамтыды. Ауылдық аумақтардың тұрғындарымен кездесулер жалғаса береді.

Ұлытау: Жәйрем жұмысшылары өндіріс пен инфрақұрылым мәселелерін көтерді

Ұлытау облысында Құрылтай депутаттығына кандидат Ақжол Құрмансейіт штаб мүшелерімен бірге Жәйрем кентіндегі марганец кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Қатысушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, өндіріс саласының әлеуетін арттыруды, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруды және тұрғындардың әл-ауқатын көтеруді талқылады.

«Ұлытау облысының дамуы ең алдымен өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, еңбек адамын қолдауға және елді мекендердің әлеуетін арттыруға байланысты. Жәйрем – өндірісі өркендеген маңызды елді мекендердің бірі. Мұндағы кәсіпорындардың тұрақты жұмысы өңір экономикасына ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасына да тікелей әсер етеді. Сондықтан халықтың ұсыныстары мен еңбеккерлердің пікірлері назардан тыс қалмауы тиіс», – деді Ақжол Құрмансейіт.

Кәсіпорын жұмысшылары еңбек жағдайларына, әлеуметтік мәселелерге, елді мекеннің инфрақұрылымына және өңірдің даму перспективаларына қатысты сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Жаңаөзен: «Әділет» партиясы медицина қызметкерлеріне денсаулық сақтау жоспарларын таныстырды

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында Құрылтай депутаттығына кандидаттар Аят Сүгірбай мен Марат Себасов №3 қалалық емхананың еңбек ұжымымен кездесті. Олар «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін талқылады.

Аят Сүгірбай денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі бағыттарының бірі аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру екенін атап өтті.

«Бүгінде ел азаматтарының 35,7 пайызы ғана салауатты өмір салтын ұстанады, ал 44,5 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіштер денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін әлі де күшейту қажеттігін көрсетеді. Әсіресе балалар арасындағы артық салмақ пен қимыл-қозғалыстың аздығы алаңдатады. Сондықтан біз емдеуге ғана емес, аурудың алдын алуға басымдық беруіміз керек», – деді Аят Сүгірбай.

Партия алға қойған міндеттердің қатарында 2029 жылға қарай азаматтардың кемінде 50 пайызының тұрақты түрде спортпен айналысуына жағдай жасау, қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайту және заманауи спорт нысандарының санын арттыру бар.

Партия сондай-ақ халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізуді мақсат етеді. Денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың қатарында кардиологиялық қызметті жаңғырту, ауруларды ерте анықтау, пациенттерді амбулаториялық бақылау, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының базасында инвазиясыз диагностика орталықтарын құру, кардиологиялық оңалтуды дамыту және неонаталдық скринингті кеңейту бар.

«Медицина жүйесінің тиімділігі тек ауруды емдеумен өлшенбеуі керек. Біз азаматтың ауруханаға түспеуіне, ауруды ерте кезеңде анықтауына және денсаулығын тұрақты бақылауда ұстауына жағдай жасауымыз қажет. Осы ретте алғашқы медициналық-санитариялық көмектің рөлі өте маңызды. Сондықтан медицина қызметкерлерін қолдау мен олардың жұмыс жағдайын жақсарту да біздің басым бағыттарымыздың бірі», – деді кандидат Аят Сүгірбай.

Марат Себасов партияның білім беру саласындағы жоспарлары туралы айтты.

«Әрбір бала тұрғылықты жеріне немесе отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы керек. Бұл мәселені балабақшадан бастап шешуді көздейміз. Балаға жасалған жағдай – елдің ертеңіне жасалған инвестиция», – деді Марат Себасов.

Оның айтуынша, бес жылдық сайлауалды бағдарлама аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында кемінде 79 мың жаңа орын ашу жоспарланған. Ал 2031 жылға дейін мектептерде кемінде 300 мың жаңа оқушы орны құрылмақ.

Тараз: кәсіпкерлер мен тұрғындар бизнесті қолдау және қала дамуын талқылады

Жамбыл облысында «Әділет» партиясының мобильді үгіт тобы Тараздағы «Жібек жолы» базарында тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесті. Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Кариева мен облыстық сайлауалды штаб мүшелері партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелерін таныстырды.

Тұрғындар мен кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, шағын бизнесті қолдау, кәсіпкерлік қызметке жағдай жасау, қалалық инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды.

Жалпы алғанда, партия өкілдері шамамен 60 тұрғын және кәсіпкермен тілдесті.

«Адамдармен тікелей диалог орнатудың маңызы зор. Базарға келген әр адамның өз сұрақтары мен ұсыныстары бар. Біз үшін партияның бағдарламасы туралы айтып қана қоймай, адамдарды күнделікті өмірде қандай мәселелер алаңдататынын есту де маңызды. Осындай кездесулер нақты ұсыныстар жинап, оларды алдағы жұмыста ескеруге мүмкіндік береді», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Кариева.

Партия өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндірді. Кездесу ашық форматта өтіп, азаматтарға кандидаттармен және сайлауалды штаб өкілдерімен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Өңірлерде «Әділет» партиясының сайлауалды жұмысы халықпен тікелей байланыс орнатуға бағытталған. Мобильді үгіт топтарының жұмысы, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғаса береді.