Ер адам ішіп алып, анасын бірнеше жерден пышақтап тастаған: оның Вьетнамға қашып кеткені белгілі болды

Автор: Асыл Арман

Бас прокуратура күдіктіні елге экстрадицияланды

Фото: Бас прокуратура/Видеодан скрин

Анасын бірнеше жерден пышақтады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Вьетнамнан елге экстрадицияланды. Қылмыс жасағаннан кейін халықаралық іздеуге жарияланған күдікті Дананг қаласында ұсталып, Қазақстанға жеткізілді және қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның мәліметінше, ол өткен жылдың қараша айында өз үйінде ішімдікке мас күйде болып, жанжалдан кейін анасына бірнеше жерден пышақ сұғып алды деген күдікке ілінді.

Қылмыс жасағаннан кейін заңда белгіленген жауаптылықтан жалтару мақсатында күдікті қылмыстық қудалау органынан бой тасалаған, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланды.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның Вьетнам Социалистік Республикасының аумағында жүргені анықталып, маусым айында ол Дананг қаласында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.