Техника өрт сөндіргішпен, 30 литрлік су ыдысымен және өрт сөндіруге арналған құралмен жабдықталғанымен, өртті бірден ауыздықтау мүмкін болмаған
Қостанай облысының Әулиекөл ауданында егіс алқабында комбайн өртеніп, оқиға видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Төтенше жағдай 10 тамызда «Қайсар-Агро» ЖШС-нің егістігінде болған. Шаруашылық басшысы Абдул-Ваған Митаевтың айтуынша, оқыс жағдай егін жинау науқанының алғашқы күні болған. Ол күні ауа температурасы +40°C-қа жуықтаған еді.
Оның сөзінше, техника өрт сөндіргішпен, 30 литрлік су ыдысымен және өрт сөндіруге арналған құралмен жабдықталған. Алайда өрт комбайнның қозғалтқышы орналасқан бөлігінде тұтанып, бірнеше минут ішінде техниканы толық шарпып өткен.
Өрттің нақты себебі әзірге белгісіз. Шаруашылықта бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, өртенген комбайнның құны – шамамен 100 млн теңге.