Жыл басынан бері 2000-ға жуық адамнан жаман ауру анықталды: Денсаулық сақтау министрлігі үндеу жасады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Ал алты ай ішінде жалпы 2,3 млн-нан астам адам онкологиялық скринингтен өтті

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында 2 362 568 адам онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтен өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елімізде онкоскринингтің үш түрі тегін жүргізіледі. Олар сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалдық обырды ерте анықтауға бағытталған.

Жыл басынан бері скрининг нәтижесінде анықталды:

  • сүт безі обырының 1 238 жағдайы;
  • колоректалдық обырдың 372 жағдайы;
  • жатыр мойны обырының 227 жағдайы.

Мамандардың айтуынша, скрининг кезінде анықталған күдікті өзгерістер бірден қатерлі ісік бар дегенді білдірмейді. Мұндай жағдайда емделуші қосымша тексеруге жіберіледі. Диагноз тек толық зерттеуден кейін расталады немесе жоққа шығарылады.

Соңғы жылдары қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіші де жақсарған. 2021–2025 жылдар аралығында онкологиялық аурулардың III–IV сатыларда анықталу үлесі 34,9%-дан 32%-ға дейін төмендеген. Соңғы бес жылда Қазақстанда онкоскринингтен 14 млн-нан астам адам өткен. Осы кезеңде жыл сайынғы скринингпен қамту деңгейі 13,5%-ға артқан.

Дәрігерлер азаматтарды өзін жақсы сезінсе де, жасына және қауіп факторларына сәйкес профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге шақырады. Ауруды ерте анықтау емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.