Саябақ үш аймақтан тұрады
Елорда «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жоспары аясында дамуда. Серуендеп, спортпен шұғылдану үшін орындар ұйымдастыру – басым бағыттардың бірі, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Біз әр ауданда, әр елді-мекенде арнайы орындардың болғанын қалаймыз. «Көктал» елді-мекенінде үлкен саябақтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол үш аймақтан тұрады. Біріншісі – тыныш демалыс аймағы. Ол жерд амфитеатр болады, 4 мың 300-ден астам ағаш отырғызамыз. Екінші аймақ – спорттық демалысқа арналады. Ол жерде футбол алаңын, волейбол және баскетбол алаңын, теннис кортын орнатамыз. Сондай-ақ, скейтбордтық алаң және йога орны болады», – деп жазды қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің желідегі парақшасында.
Үшінші аймақ - балалардың демалысына арналған орын. Барлық аймақтарды қыста да қолдануға болады. Тұрғындар конькимен, шаңғымен және т. б. шұғылдана алады.
«Жалпы биыл 50 қоғамдық кеңістікті (саябақтар, скверлер, бульварлар) және 150-ге жуық ауланы абаттандырамыз. Сонымен қатар, елді-мекендерде үш ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, тағы біреуі келесі жылы басталады», – деп атап өтті Алтай Көлгінов.