Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды
Полиция «Қайрат» пен «Левски» арасындағы матчқа байланысты қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін «Түркістан Арена» стадионында командалар УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында кездеседі. Құқық қорғау органдары адам көп жиналатын орындарға ерекше назар аударады.
Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтап, қызметкерлердің заңды талаптарын орындауға шақырды.
«Футбол матчын тамашалауға келген жанкүйерлерден бір-біріне құрметпен қарап, арандатушылық әрекеттерге жол бермеуді, қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, белгіленген қауіпсіздік талаптарын қатаң орындауды сұраймыз», – деп атап өтті полиция.
Құқық қорғау органдары спорттық іс-шара кезіндегі қауіпсіздік көрермендердің өздерін ұстауына да байланысты екенін атап өтті.
Айта кетейік, матч Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Ойынды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.