Олар халықтың ұсыныс, тілегін сұрап білді
«Байтақ» жасылдар партиясының Жамбыл облыстық филиалы Байзақ ауданына барып, үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Атқарушы хатшы Ихтияр Мұрзахметов бастаған топ өңір халқымен кездесті. Жиынға 40-қа жуық адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыты таныстырылды. Атап айтқанда, экология, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, өңірлерді дамыту, экологиялық білім беру.
Еркін форматта өткен басқосуда тұрғындар да үнсіз қалмады. Қордаланған басты мәселелерді ортаға салды. Олардың арасында ауа сапасы мен жағымсыз иіс, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, өндіріс орындарының санитарлық-қорғау талаптарын сақтау сияқты түйткілдер болды. Сондай-ақ ағаш отырғызу, экологиялық іс-шаралар өткізу, қоршаған ортаға келетін залалды өтеу мәселелері де назардан тыс қалмады.
Партия өкілдері тұрғындар көтерген мәселелерді өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы алдағы жұмыста ескеруге ниетті екенін айтты.