Ақмола облысының тас жолындағы сұмдық апат: екі адам қаза тауып, сегізі ауруханаға түсті

Автор: Аягөз Құрмаш

Кінәлі жүргізуші қамалды

Фото: видеодан скриншот

10 тамыз күні Астана-Петропавловск автожолының 97-шақырымында «Mercedes-Benz Sprinter» шағын автобусы мен «ГАЗ 53» жүк көлігі соқтығысып, қайғылы жол апаты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соқтығыс салдарынан «Mercedes-Benz Sprinter» автокөлігінің екі жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Сонымен қатар, түрлі жарақат алған «Mercedes-Benz Sprinter» көлігінің 7 жолаушысы, «ГАЗ 53» автокөлігінің 1 жолаушысы жедел түрде медициналық мекемеге жеткізілді.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.

«Mercedes-Benz Sprinter» автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Департамент өкілдері жүргізушілерді жол жүрісі ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және жолда өте мұқият болуға шақырады.