Декларацияланбаған валютаны алып өту әрекеттерінің жолы кесілді
Соңғы 10 күнде Қазақстаннан декларацияланбаған валютаны алып шығудың 70 әрекеті анықталды. Шекара қызметі өткізу пунктерінде жалпы сомасы 645 млн теңгеден астам қаражатты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰҚК Шекара қызметі ақша қаражатын елден заңсыз алып шығуға жол бермеу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Тек осы жылдың 1-10 тамызы аралығында өткізу пунктерінде осындай 70 әрекет анықталып, жалпы сомасы 645 млн теңгеден астам декларацияланбаған валюта анықталды.
Жекелеген жағдайлардың бірінде Жамбыл облысындағы «Қордай» автомобиль өткізу пунктінде шекаралық бақылау барысында шетел азаматында киімінің астына жасырылған 70 000 АҚШ доллары (32 550 000 теңге баламасында) анықталды.
«Көрсетілген фактілер бойынша материалдар процесcуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органға берілді. ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сомадан (10 мың АҚШ долларынан аспайтын) жоғары қолма-қол ақша қаражатын республика аумағынан тыс жерге алып шығуға тыйым салынатынын еске салады», – делінген ҰҚК хабарламасында.