Бұл саланы ашық әрі қауіпсіз етеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында әлеуметтік-еңбек саласына цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Негізгі басымдық өтініш білдіру қағидатынан проактивті модельге көшуге берілді. Бұл модель аясында мемлекет азаматтың қолдауға қажеттілігін алдын ала анықтап, оған қажетті нәтижеге қол жеткізгенге дейін сүйемелдейді», - деді Асқарбек Ертаев.
Негізгі жобалардың бірі Әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу саналады. Жүйе өңірлер бөлінісінде қолдау шараларын тағайындау, шешім қабылдау және қаражат төлеу процестерін біріктіреді. Бұрын азамат мемлекеттік органдарға жүгініп, растайтын құжаттарды жинайтын және олардың тексерілуін күтуге мәжбүр болатын. Енді бір ғана өтініш беру жеткілікті: қажетті мәліметтерді платформа мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Биылғы маусым айынан бастап платформа еліміздің барлық 20 өңірінде өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Платформа арқылы жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 қолдау шарасы цифрлық форматта ұсынылады.
Осы жылы тамыздан бастап жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қолдаудың біржолғы шаралары жасанды интеллектінің көмегімен тағайындалатын жүйе алушыларды алдын ала анықтайды және тағайындау жобасын қалыптастырады. Төлемді жүзеге асыру туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
Қыркүйек айында eGovMobile арқылы өтініштер беруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазан айында мемлекеттік қолдау шараларын атаулылығы мен мұқтаждық деңгейін ескере отырып, нысаналы түрде тағайындау үшін жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік саланы цифрландыру мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, теріс пайдалану әрекеттеріне жол бермеуі тиіс екенін атап өтті.
«Әлеуметтік төлемдерді алаяқтық жолымен алу, ол да бар, құпия емес, қанша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Сондықтан енгізіліп жатқан цифрлық технологиялар, жасанды интеллект – оның бәрі осындай бұзушылықтарға кедергі болуы тиіс. Бұл бағытта жұмыс жүргізу керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.