Ер адам кассирмен сөзге келіп, оны балағаттаған
Оралда ер адам супермаркет кассиріне энергетикалық сусын шашқаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі mgorod.kz басылымына сілтеме жасап.
Оқиға Астана шағынауданындағы «Алтындар» супермаркетінің касса маңында болған. Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам кассирмен сөзге келіп, оны балағаттай бастаған. Кейін энергетикалық сусынның құтысын ашып, ішіндегі сусынды әйелдің бетіне шашқан.
Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотта қаралған істің мән-жайына сәйкес, ер адам өз кінәсін толық мойындап, хаттамамен келіскен. Оның құқық бұзушылыққа қатысы жәбірленушінің көрсетулері және іс материалдарымен расталған.
Сот ер адамға бес тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.