Қостанай облысында 103 миллион теңгеден астам қаражаттың ұрлануына жол берілген жоқ
Қостанай облысында интернет-алаяқтардың әрекеті салдарынан тұрғындардың 103 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденуге жол берілмеді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде алаяқтардың арбауына түскен азаматтарға дер кезінде ескерту жасалып, олардың ақшасын сақтап қалуға мүмкіндік туды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, интернет-алаяқтар күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін қолданады. Олар өздерін банк, мемлекеттік орган немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды ақшаларын өз еркімен аударуға көндіреді.
Жыл басынан бері Қостанай облысы прокуратурасының, полицияның, «Қазақтелеком» АҚ-ның және екінші деңгейлі банктердің бірлескен жұмысының нәтижесінде 103 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз иемденілуіне жол берілмеді.
«Тиімді құралдардың бірі – прокуратураның бастамасымен құрылған антифрод-колл-орталықтар. Алаяқтық әрекеттері туралы ақпарат түскен жағдайда операторлар азаматтарға дереу хабарласып, қауіп туралы ескертеді. Қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел барып, алдын алу шараларын жүргізеді. Мәселен, алаяқтар өзін салық органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелді қаражатын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірмек болған. Құқық қорғау органдарының дер кезінде араласуының арқасында әйелдің жинаған қаражаты сақталып қалды», – делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы азаматтарды сақ болуға шақырады: банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және құпиясөздерді бөгде адамдарға хабарламаңыздар, бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармаңыздар. Күмән туындаған жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, банкке өзіңіз хабарласыңыз немесе полицияға жүгініңіз.