Жастар сарайына жиналған халықтың қарасы көп болды
Форумға партияның тең төрағалары, төраға орынбасарлары, VIII шақырылым Мәжіліс депутаттары, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, Шымкент қалалық мәслихатындағы Respublica фракциясының депутаттары, партия белсенділері мен жақтастары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Форумның алғашқы минуттарынан-ақ ерекше атмосфера сезілді. Жиналған жұрт әрбір спикерді ыстық ықыласпен қарсы алып, сөздерін зор қошеметпен қолдады. Қатысушылар қатарында жастар, ReWomen қауымдастығының мүшелері, кәсіпкерлер, еңбек ардагерлері және аға буын өкілдері көп болды. Әсем ән мен әсерлі өнер көрсетіліп, шынайы әңгіме өрбіген жиын оңтүстікке тән кең пейіл мен дарқан көңілдің көрінісіне айналды. Форум пікірлес жандардың басын қосқан мазмұнды кездесу болды.
Форумды ашқан партияның тең төрағасы Қуаныш Шонбай Respublica партиясының соңғы үш жарым жылдағы жұмысына тоқталды.
«2023 жылы партия құрған кезде көпшілік жаңа саяси күштің Парламентке өтетініне күмәнмен қарады. Бірақ бізге 550 мыңға жуық қазақстандық сенім білдірді. Осы уақыт ішінде өңірлерде партия фракциялары құрылды. Шымкентте бөлшек салық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендетуге қол жеткіздік. Қосылған құн салығын 20 пайыз емес, 16 пайыз деңгейінде бекітуге үлес қостық. Біздің депутаттар өңірлерде балалар ойын алаңдарын салудан бастап, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дейін нақты мәселелерді шешіп келеді. Ендігі міндетіміз – әрбір жақтасымызды 23 тамызда сайлауға келуге және әлі шешім қабылдамаған азаматтарды да өзімен бірге ертіп келуге үндеу», – деді ол.
Партияның тең төрағасы, «АгромашХолдинг» АҚ басшысы Динара Шүкіжанова сөзін отандық өндірісті дамытуға арнады.
«Мен қазақстандық өндіріске шын жүректен сенемін. Әрбір ашылған жаңа кәсіпорын – бұл тек жұмыс орны ғана емес. Оның артында ондаған серіктес бизнес, мыңдаған отбасының әл-ауқаты және балаларымыздың болашағы тұр. Біз Түркістан облысында зауыт салдық, өйткені халықтың сұранысын естідік. Бүгінде қазақстандық өнім шетелдік нарықта да бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келеді. Сондықтан кәсіпкер бүгін салған инвестициясының ертең де, жеті жылдан кейін де қорғалатынына сенімді болуы керек. Мемлекеттің міндеті – бизнеске түсінікті әрі тұрақты ереже қалыптастыру», – деді ол.
Партия төрағасының орынбасары Олжас Күспеков Respublica өкілдерінің басым бөлігі саясатқа нақты өндіріс пен кәсіпкерлік ортасынан келгенін айтты.
«Біз қарапайым отбасында өсіп, өз еңбегімізбен кәсіп құрып, жұмыс орындарын ашқан адамдармыз. Сондықтан халықтың мәселесін сырттай емес, ішінен білеміз. Соңғы үш жылда біздің команда заңдарға мыңдаған түзету ұсынды. Соның нәтижесінде вейптерге толық тыйым салынды, құмар ойын бизнесіне шектеулер енгізілді, әскери қызметшілердің мәртебесі күшейтілді, қауіпсіздік, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларында маңызды өзгерістер қабылданды. Біз саясат үшін емес, халықтың өмірін нақты заңдар арқылы жақсарту үшін келдік», – деді ол.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұргүл Тау партия депутаттары үш жыл ішінде еліміздің барлық өңіріне 400-ден астам жұмыс сапарын жасап, 300 заң жобасына 3000-ға жуық түзету әзірлегенін айтты. Оның айтуынша, алдағы уақытта партия экономиканы дамыту, әлеуметтік саланы нығайту, тиімді мемлекет қалыптастыру және ұлттық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.
Форумда сондай-ақ Шымкент қаласынан Құрылтай депутаттығына кандидат, өңірлік ReWomen қауымдастығының жетекшісі Нилуфар Садуллаева мен партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Асқар Молдабек сөз сөйледі.