Кездесу барысында кандидаттар еңбек адамдарының көкейіндегі мәселелерді тыңдап, жалақы, еңбек жағдайы және отандық өндірісті дамыту тақырыптарын талқылады
Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Жетісу облысындағы жұмысын Талдықорған қаласындағы «Ажар» тігін фабрикасының еңбек ұжымымен кездесуден бастады,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ажар» – өңірдегі ірі тігін кәсіпорындарының бірі. Кезінде өнімдері бұрынғы Кеңес Одағының 15 республикасына жөнелтілсе, бүгінде ірі ұйымдарға арнап арнайы киім мен түрлі тігін өнімдерін шығарып келеді.
Кездесу барысында кандидаттар еңбек адамдарының көкейіндегі мәселелерді тыңдап, жалақы, еңбек жағдайы және отандық өндірісті дамыту тақырыптарын талқылады.
Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смолякова партия фракциясының соңғы үш жарым жылдағы жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, депутаттар еліміздің барлық өңірінде 400-ден астам кездесу өткізіп, 700-ден аса депутаттық сауал жолдаған. Соның нәтижесінде мектептегі тамақтану сапасын жақсарту, Жетісу облысындағы туризмді дамыту және өңірге қосымша қаржы тарту мәселелері көтеріліп, нақты шешімдер қабылданды.
Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Максим Барышев соңғы үш жылда партия депутаттары 300 заң жобасы аясында 3000-нан астам түзету ұсынғанын айтты.
«Біздің басты мақсатымыз – еңбек адамының жағдайын жақсарту. Сондықтан жалақы қорына түсетін жиынтық жүктемені 40 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетуді және корпоративтік табыс салығын 20 пайыздан 10 пайызға дейін азайтуды ұсынамыз. Бұл отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елімізде өндіріс ашуды импортқа тәуелді болудан әлдеқайда тиімді етеді», – деді ол.
Кездесу соңында партия өкілдері Respublica – өндірістің тынысын, кәсіпкердің жауапкершілігін және еңбек адамының мұң-мұқтажын жақсы білетін азаматтардың партиясы екенін атап өтті.