Respublica алматылықтармен кездесулерін жалғастырып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Respublica партиясы Республикалық сайлауалды штабының Алматы қаласындағы жұмыс сапары жалғасып жатыр

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Respublica партиясының Республикалық сайлауалды штабы Алматы қаласындағы жұмыс сапарын жалғастырып, еліміздегі жиһаз өндірісінің көшбасшыларының бірі – толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін ZETA компаниясының еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

1996 жылы негізі қаланған кәсіпорын бүгінде бірнеше өндіріс алаңын біріктіріп отыр. Компания 6 мыңнан астам өнім түрін шығарады, 3 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, Қазақстанның жиһаз өндірісі саласындағы жетекші кәсіпорындардың біріне айналды.

Кәсіпорын басшылығы мен ұжымдағы көптеген қызметкер Respublica партиясының мүшесі. Олар отандық өндірісті дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау құндылықтарын бөлісіп келеді.

Партияның тең төрағасы, «АгромашХолдинг» АҚ президенті Динара Шүкіжанова өндіріс саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтып, қазақстандық кәсіпорындардың күн сайын бетпе-бет келетін мәселелерін жақсы түсінетінін жеткізді.

«Өндіріс – үлкен жауапкершілік. Оның артында мыңдаған адамның еңбегі, қымбат құрал-жабдықтар, үздіксіз өндіріс үдерісі, жеткізу тізбегі мен өткізу нарығы тұр. Сондықтан отандық тауар өндірушілерді қолдау – біздің партияның басты басымдықтарының бірі болып қала береді», – деді ол.

Партия төрағасының орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат Олжас Күспеков Respublica көшбасшыларының көпшілігі саясатқа кәсіпкерлік пен нақты өндіріс саласынан келгенін атап өтті.

«Біз өз кәсібімізді нөлден бастап, өндіріс орындарын қалыптастырып, жұмыс орындарын ашқан адамдармыз. Сондықтан бизнестің шынайы мәселелерін жақсы білеміз және кәсіпкерлердің мүддесін заңнамалық деңгейде қорғауға дайынбыз», – деді ол.