Алматының өзіне ғана тән тынысы бар
Бұл – арман қуған жастардың, батыл бастама көтерген кәсіпкерлердің, тынымсыз еңбектің қаласы. Сондықтан Respublica партиясы жақтастарының Алматыдағы форумы да жай ғана саяси жиын емес, ортақ мұратқа сенген азаматтардың басқосуына айналды. Залға жиналған кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, жастар мен алматылықтар бір мақсат, бір мүдде төңірегінде тоғысты. Мұнда ұран емес, нақты іс туралы әңгіме айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл – Республикалық сайлауалды штабтың өңірлердегі сайлаушылармен өткізген оныншы форумы. Бұған дейін партия еліміздің он өңірінде халықпен жүздессе, енді эстафетаны Алматы қабылдады.
Форумда партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров сөз алып, Алматының өзі үшін ерекше қала екенін айтты.
«Алматы – менің алғашқы махаббатым. Бұл – жастықтың жігері мен арманның қаласы. Бірақ ең бастысы – бұл өзгерістен қорықпайтын адамдардың қаласы. Біз бәріміз кәсіптен келдік. Өз ісімізді жүргіздік, жұмыс орындарын аштық. Бірақ бір сәтте елді өзгертпей, өзіңнің ғана жағдайыңды түзету жеткіліксіз екенін түсіндік. Сондықтан саясатқа келдік. Біз үшін мандат – мақсат емес, халыққа қызмет ететін құрал. Бізге кресло да, атақ та керек емес. Біз Қазақстанды жақсы жаққа өзгерткіміз келеді. Егер оны біз жасамасақ, онда кім жасайды?» – деді ол.
Айдарбек Қожаназаров 2023 жылғы сайлауда Алматы Respublica партиясына ерекше қолдау көрсеткенін еске салып, сол сенімнің нәтижесінде соңғы үш жарым жылда вейптерге тыйым салу, букмекерлік жарнаманы шектеу, шағын және орта бизнесті қорғау, ауылдық ипотека бағдарламасы, әйелдердің саясаттағы үлесін арттыру секілді көптеген бастама жүзеге астанын айтты.
Партияның тең төрағасы Сырымбек Тау бүгінде Қазақстандағы еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығы шағын және орта бизнесте жұмыс істейтінін атап өтті.
«Бұл – миллиондаған адамның тағдыры. Сондықтан кәсіпкерді қорғау – бір саланың емес, бүкіл елдің мүддесін қорғау. Бір адамның қолынан бәрі келмейді. Күш – бірлікте. Сондықтан әр азаматтың таңдауы маңызды», – деді ол.
Динара Шүкіжанова Respublica командасының басты ерекшелігі – оның шынайылығы екенін айтты.
«Біз өзгерген жоқпыз. Сол алғашқы күнгі сенімімізді, елге пайдамызды тигіземіз деген ниетімізді сақтап қалдық. Бүгін Алматыдағы бірнеше өндіріс орнын араладық. Сол жерде еңбек етіп жүрген адамдардың көзіне қарап сөйлейміз. Өйткені біз үшін өндіріс пен кәсіпкерлік – жай ұран емес, өмірдің өзі», – деді ол.
Максим Барышев Алматының тумасы ретінде туған қаласында сөз сөйлеудің ерекше жауапкершілік екенін айтып, кәсіпкерлікті дамытудың бес кезеңнен тұратын бағдарламасын таныстырды. Оның айтуынша, басты мақсат – кәсіпкерлердің жүктемесін азайтып, халықтың табысын арттыруға жағдай жасау.
Бейбіт Әлібеков елдің өркендеуі ең алдымен еңбек пен кәсіпкерліктің дамуына байланысты екенін атап өтті.
«Мемлекетті алға сүйрейтін – еңбек етіп, кәсіп ашып жүрген адамдар. Біз Қазақстанның әрбір азаматы өз еңбегінің жемісін көретін, мүмкіндігі мол, бақуатты ел болғанын қалаймыз», – деді ол.