Тұрғындар жайылым жерлерінің жеткіліктілігіне қатысты да ұсыныстарын айтты
Павлодар облысының Аққулы ауданында Құрылтай депутаттығына кандидат Роза Жүсіпованың жергілікті тұрғындармен кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде ауыл тұрғындары елді мекендердегі әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жергілікті жолдарды жөндеу, ауыз су сапасын жақсарту және электр энергиясының тұрақты берілуі сөз болды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамыту, шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсету, жеңілдетілген несие мен субсидияға қолжетімділік мәселелері талқыланды. Тұрғындар жайылым жерлерінің жеткіліктілігіне қатысты да ұсыныстарын айтты.
Кездесуде жастарды жұмыспен қамту және ауылға жас мамандарды тарту мәселесіне де назар аударылды.
«Кездесудің басты мақсаты – тұрғындардың өздерін алаңдатқан мәселелерді тікелей тыңдау. Ауылдағы проблемаларды тұрғындардың өзінен естіп, нақты ұсыныстарды жинақтау маңызды», – деді Роза Жүсіпова.
Кездесу барысында тұрғындар айтқан ұсыныстар мен өтініштер тіркелді. Олар өңірлік бастамалар тізіміне енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолдау үшін қаралатын болады.