Трамп Иран экономикасының нашарлауы Тегеранды келісімге келуге мәжбүр етеді деп есептейді

Автор: Аягөз Құрмаш

АҚШ Иранға теңіз блокадасын қойып отыр

Фото: @realdonaldtrump

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы экономикалық жағдайдың ушығып бара жатқанын айтып, Тегеранмен келісімге келетініне сенім білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз артық дабырасыз әрекет етіп жатырмыз», – деді Трамп Вашингтонның Иранға қатысты алдағы қадамдары жайлы.

Америка лидерінің айтуынша, АҚШ Тегеранмен келіссөздерді тек ішінара жүргізіп жатыр және қазіргі уақытта инфляция шарықтап, қаражат тапшылығы байқалып отырған Ирандағы жағдайды сырттай бақылап отыр.

Трамп Иранның экономикалық тұрғыдан «өте мүшкіл халде» екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұған себептердің бірі – АҚШ тарапынан Иранға салынған теңіз блокадасы.

Axios басылымының америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлауынша, осыдан бір апта бұрын Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери әрекеттерді қайта бастауға бекініп отырған, бірақ кейіннен оны шиеленісті бәсеңдетуге (деэскалацияға) көндірген.

«Бәрі сәтімен болады. Әрқашан солай болады. Бұл шахмат партиясы сияқты», – деді Трамп Иранмен келісімге келу келешегін бағалай отырып.