Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов заманауи жүйенің жұмысымен танысты
ТЖМ Алматы облысының биік таулы аймақтарында сел қаупін мониторингілеу және ерте ескерту жүйесін күшейтуде Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысының биік таулы аудандарындағы сел қаупін мониторингілеу және ерте ескерту заманауи жүйесінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Негізгі бағыттардың бірі биік таулы бақылау бекеттерін автономды тұрғын модульдермен жабдықтау бойынша Қазақстандағы алғашқы жобаны іске асыру болды. ТЖМ басшысы Талғар өзені бассейніндегі мореналық көлде орналасқан бақылау бекетінің жаңа модульдік үйін ашты.
Модуль ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің жарылу қаупі бар мореналық көлдерге мониторинг жүргізетін маусымдық бақылаушыларының тәулік бойы тұруына және қызмет атқаруына арналған. Ол биік таулы жағдайларда пайдалануға бейімделген, жылу оқшаулағышпен, жұмыс істеу және демалу үшін қажетті барлық құрал-жабдықтармен, сондай-ақ қызметкерлердің ұзақ уақыт болуына қажетті тұрмыстық жағдайлармен жабдықталған.
Автономды жұмыс істеу үшін күн панельдері мен аккумуляторлық жүйелер қарастырылған. Сонымен қатар, бекет шалғай әрі жетуі қиын жерлерде де интернетке тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ететін Starlink спутниктік байланыс жүйесімен жабдықталған. Бұл бақылау нәтижелерін нақты уақыт режимінде беруге, диспетчерлік қызметтермен және жедел штабтармен тұрақты байланыста болуға мүмкіндік береді.
Алматы қаласы мен Алматы облысының биік таулы аймақтарындағы мониторинг жүйесін одан әрі жаңғырту аясында тамыз айының ортасына дейін маусымдық бақылау бекеттері үшін жылытылған тағы 11 модульдік үй орнату жоспарлануда.
Тағы бір маңызды бағыт - автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу. Министр Талғар өзені бассейнінде орнатылған төрт автоматтандырылған мониторинг станциясының жұмысын іске қосты.
Станциялар гидрологиялық параметрлерді үздіксіз бақылауға және сел үдерістерінің туындау қаупін жедел анықтауға арналған. Жабдық нақты уақыт режимінде су деңгейін, сел қаупі бар өзен арналарының және ықтимал жарылу қаупі бар мореналық көлдердің жағдайын бақылап отырады.
Станцияларды орнату ЮНЕСКО қолдауымен жүзеге асырылатын және Бейімделу қорынан қаржыландырылатын «Орталық Азия халқының климаттың өзгеруі жағдайында мұздық көлдердің жарылу қаупіне осалдығын төмендету» GLOFCA халықаралық жобасы аясында іске асырылуда. Жоба биік таулы аймақтарда заманауи бақылау және ерте ескерту жүйесін құруды көздейді.
Жұмыс сапары барысында ТЖМ басшысы Талғар өзені бассейніндегі №19 мореналық көлде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарының барысымен де танысты. Мұнда сифондық жүйелер іске қосылған.
Қабылданып жатқан шаралар сел үдерістеріне байланысты төтенше жағдайлардың тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ халықтың, инфрақұрылым нысандары мен сел қаупіне бейім аумақтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.