Баланың анасы мас болған
Алматыда көпқабатты үйлердің бірінде шыққан жанжал кезінде кішкентай балаға қауіп төніп, полиция қызметкері жетінші қабаттан алтыншы қабаттың балконына түсуге мәжбүр болды. Көршілердің дабылынан кейін оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары бүлдіршіннің қауіпсіздігін қамтамасыз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық ПД-ға сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары пәтерге есік арқылы кіре алмаған соң, жағдай күрделене түскен. Полицейлер терезеден кішкентай баланы байқап, үйдегі ересектер оны терезеге жақындатқанын анықтаған. Осылайша, баланың өміріне қауіп төнуі мүмкін деген алаңдаушылық туған.
Патрульдік полиция қызметкері батыл әрекетке барып, жетінші қабатқа көтерілген. Ол балкон арқылы бір қабат төмен түсіп, пәтерге кірген.
Кейін белгілі болғандай, пәтердегі әйел кіреберіс есіктің кілтін жасырып қойған. Осыған байланысты құтқару қызметінің мамандары есікті мәжбүрлі түрде ашуға мәжбүр болды.
Полицияның алдын ала мәліметінше, әйел мас болған және бірге тұратын жолдасымен кезекті рет жанжалдасқан. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.