Қазақстандық KNUS командасы үшінші орын үшін күреседі
Алматыда 2026 жылғы университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионаты аяқталуға жақын. 9 тамызда жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Қазақстандық KNUS командасы үшінші орын үшін күреседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
16 команданың ішінен жартылай финалға төрт команда жетті: Ural State Mining University, Kazakh National University of Sports, University of Texas at Dallas және Saint Louis University. Saint Louis University командасы University of Texas at Dallas-ты екі рет сенімді жеңіп (3,5:0,5 және 3:1), финалға шықты.
Басқа екі команданың кездесуі шиеленістірек болды. Бұған дейін KNUS өкілдері Грекиядан келген National Technical University of Athens командасын жеңіп, жартылай финалға өткен еді. Келесі кезеңде қазақстандықтарға Ural State Mining University командасы қарсылас болды. Бірінші матч 2:2 есебімен тең аяқталды, екінші матчта қазақстандық команда 1:3 есебімен ұтылып қалды. Жалпы қорытынды: 3:5.
Қазақстандық командаға бір ұпайды гроссмейстер Қазыбек Нөгербек әкелді – ол 2023 жылғы юниорлар арасындағы (U20) әлем чемпионатының вице-чемпионы Арсений Нестеровпен екі рет ничья жасады. Халықаралық шебер Сәтбек Ахмединов 2019 жылғы юниорлар арасындағы (U16) әлем чемпионы Рудик Макарянмен ничья жасап, жарты ұпай қосты. Меруерт Қамалиденова 2019 жылғы қыздар арасындағы (U16) әлем чемпионы Лея Гарифуллинамен екі партияда 1,5 ұпай жинады: біреуін жеңіп, екіншісін тең аяқтады. Халықаралық шебер Арыстан Исанжұлов гроссмейстер Сергей Лобановпен екі рет кездесті – екі партияда да қарсыласы жеңіске жетті.
Нәтижесінде Ural State Mining University чемпиондық үшін Saint Louis University-мен күреседі, ал Kazakh National University of Sports үшінші орын үшін University of Texas at Dallas-пен кездеседі.
9 тамызда командалар екі шешуші матчтан ойнайды. Сағат 11:00-де финал мен қола үшін матчтың бірінші кездесулері, 15:00-де екінші кездесулер басталады. Есеп тең болған жағдайда тай-брейктер қарастырылған. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 50 мың еуро. Жеңімпаз 25 мың еуро, күміс жүлдегер – 15 мың, қола жүлдегер – 10 мың еуро алады.
FIDE World University Team Chess Championship алғаш рет өткізілуде. Финалдық кезеңге қатысу құқығы үшін 49 елден 79 университет командасы күресті. Онлайн-іріктеу қорытындысы бойынша сегіз ең күшті команда өтті, тағы сегіз команда ұйымдастырушылардың шақыруымен қатысты.
Осылайша, Алматыдағы финалдық кезеңде 16 университет командасы өнер көрсетті. Топтық кезеңнен кейін сегіз ең күшті команда плей-оффқа шықты, ол ширекфинал, жартылай финал, үшінші орын үшін матч және финалды қамтиды.
Чемпионат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Farabi Hub-ында өтуде.