Мемлекеттік органдар атынан жалған ақпарат тарауда: қазақстандықтарға ескерту жасалды

Автор: Алмас Ерсін

Әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдар мен ОСК өкілдерінің атынан жалған мәлімдемелер мен бейнематериалдар тарап жатыр. Азаматтарға ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру ұсынылды

Фото: Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы

Әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдар мен Орталық сайлау комиссиясы басшыларының атынан жалған мәлімдемелер, баспасөз хабарламалары, фото және бейнематериалдар тарап жатыр. Азаматтарға ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілерде жалған материалдардың кезекті толқыны таралып жатқанын хабарлады. Орталықтың мәліметінше, қаскөйлер мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен ҚР Орталық сайлау комиссиясы өкілдерінің суреттерін пайдаланып, жалған жарияланымдар, мәлімдемелер мен бейнематериалдар жасап жатыр.

Орталық сайлау процесіне қатысты барлық ресми ақпарат тек Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми ресурстарында жарияланатынын еске салды.

Бұған дейін мамандар қаскөйлердің қоғамға танымал тұлғалардың суреттері мен бейнелері жинақталған ауқымды қор қалыптастырып жатқаны туралы ескерткен. Орталықтың мәліметінше, мұндай материалдар кейін жалған ақпарат жасау және тарату үшін пайдаланылуы мүмкін.

Анықталған жалған ақпарат тарату деректері бойынша Қазақстанның Бас прокуратурасы тергеу жүргізіп жатыр. Жалған контентті жасау және тарату фактілерін құқық қорғау органдары тіркеп отыр.

Орталық азаматтарды ресми дереккөздер арқылы расталмаған хабарламаларды, аудио және бейнематериалдарды таратпауға және жарияламауға шақырды.

«Тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратқа сеніңіздер. Фото және бейнематериалдарды арнайы сервистер арқылы тексеруге болады. Хабарламаны тексеруге жұмсалған бірнеше секунд жалған ақпараттың таралуынан және соған байланысты туындауы мүмкін құқықтық салдардан сақтай алады», – делінген Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының хабарламасында.

Ведомство заңға қайшы контентті жасауға және таратуға қатысы бар адамдар анықталып, Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын да атап өтті.