Білім беру гранттары әрбір бағдарлама бойынша өтетін конкурстық іріктеу негізінде бөлінеді
ҰБТ-дан жоғары балл жинау — үлкен артықшылық, алайда бұл гранттың автоматты түрде берілуін қамтамасыз етпейді. Білім беру гранттары әрбір бағдарлама бойынша өтетін конкурстық іріктеу негізінде бөлінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Грант иеленуге әсер ететін бірнеше негізгі фактор бар. Олардың қатарында таңдалған білім беру бағыты, бөлінген грант саны, конкурсқа қатысушылардың саны мен білім деңгейі, сондай-ақ арнайы квоталар қарастырылады.
Сұранысы жоғары мамандықтарда бәсекелестік те жоғары болады. Сонымен қатар әр білім беру бағытына мемлекет тарапынан бөлінетін грант саны әртүрлі. Конкурс кезінде талапкерлердің жинаған балдары мен жалпы дайындық деңгейі де маңызды рөл атқарады. Бұдан бөлек, ауыл квотасы, жетім балаларға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған жеңілдіктер сияқты арнайы санаттар қарастырылған.
Мұндай айырмашылықтың басты себебі – грант саны мен талапкерлер арасындағы бәсекелестік деңгейінің әр бағытта әртүрлі болуы. Мысалы, 120 балл жинаған талапкер «IT» немесе «Халықаралық қатынастар» сияқты сұранысы жоғары білім беру бағдарламасын таңдаса, грант санына қарағанда талапкерлер саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Соның салдарынан жоғары балл жинағанына қарамастан, ол грант иегері атана алмауы ықтимал.
Ал 100 балл жинаған талапкер бәсекелестігі төмен немесе грант саны көбірек бөлінген білім беру бағытын таңдаса, конкурс нәтижесінде грантқа ие болуы мүмкін. Сондықтан грантқа түсу кезінде тек ҰБТ нәтижесіне емес, таңдалған мамандықтағы конкурс деңгейі мен грант санын да ескеру маңызды.
Шекті балл мен өту балының айырмашылығы бар. Шекті балл талапкерге конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, бірақ грант алуға кепілдік бермейді. Ал өту балы конкурстық іріктеу нәтижесінде қалыптасады.
Сондықтан білім беру бағдарламасын таңдау кезінде тек ҰБТ нәтижесіне ғана емес, бөлінген гранттар саны мен конкурс деңгейіне де назар аудару маңызды. Грант — тек жоғары балдың нәтижесі емес, нақты конкурстық іріктеудің қорытындысы.