Күн сайын мыңдаған жолаушы – «Әділет» партиясы Павлодар тұрғындарымен тікелей байланыс орнатудың жаңа форматын іске қосты
Енді қоғамдық көлік тек қатынас құралы ғана емес, азаматтарға партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпарат беріп, павлодарлықтардың ұсыныстарын жинайтын алаңға айналады. Брендтелген автобустардың салтанатты таныстырылымы қалалық автобус паркінің аумағында өтті. Автобустар колоннасына символикалық түрде Құрылтай депутаттығына кандидаттар Илья Теренченко, Сандуғаш Қалижанова, Жарқынбек Амантай, Русана Сулейманова және Гүлзира Атабаева, партияның жастар қанатының өкілдері мен автопарк қызметкерлері жол ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Автобустар күн сайын Павлодардың ең көп сұранысқа ие бес бағыты бойынша қатынайды. Ал партияның еріктілері мен белсенділері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі ережелері туралы айтып, тұрғындардың ұсыныстарын қабылдайды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлзира Атабаева партия үшін өз бағдарламасын таныстырумен қатар, азаматтармен тұрақты кері байланыс орнатудың маңызды екенін атап өтті.
«Бүгін біз сайлаушылармен өзара іс-қимылдың тиімді тетігін іске қосып отырмыз. Біз үшін сайлауалды бағдарламамызды таныстыру ғана емес, тұрғындарды тыңдау, олардың сұрақтары, ұсыныстары мен аманаттарын алу аса маңызды. Дәл осы адамдармен ашық диалог қоғамның сұранысына шын мәнінде жауап беретін шешімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Оның айтуынша, партия коммуникацияның қолжетімділігі мен ашықтығына басымдық беріп отыр. Брендтелген автобустармен қатар, еліміздің қалаларында қоғамдық шатырлар да жұмысын жалғастыруда. Онда кез келген азамат өз ұсыныстары мен бастамаларын қалдыра алады. Келіп түскен барлық өтініштер талданып, партияның алдағы жұмысында ескеріледі.
Еске салайық, бұған дейін қала көшелеріне брендтелген трамвайлар мен таксилер де шыққан болатын. Енді ақпараттық желі автобус бағыттары арқылы да кеңейіп, күн сайын қамтылатын аудитория көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.