Қазақстан Халық партиясы Теміртауда кітапхана ұжымымен кездесу өткізді

Автор: Асыл Арман

Кездесуде сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен басымдықтары таныстырылды

Фото: ҚХП/Видеодан скрин

Қазақстан Халық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Теміртау қаласындағы №7 кітапханада еңбек ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидат Дамир Қаюмов және Қазақстан Халық партиясы Қарағанды облыстық филиалы Жастар қанатының өкілі Төлеген Алтынмұрат қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Халық партиясының «Ел байлығы – халық игілігіне!» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен басымдықтары таныстырылды. Бағдарламада мәдениет пен білім саласын қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар кеңінен түсіндірілді.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, кітапхана қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Қатысушыларды толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауаптар беріліп, сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтары бойынша пікір алмасу жүргізілді.